Орталық стадионға кіре берістегі екі ескерткіш көптен бері көпшіліктің қызығушылығын тудыруда. Тіпті ескерткіштегі футболшылар мен жеңіл атлетшілердің түп тұлғасының аты-жөндерін де атайды.
Бұл шынында да солай ма? «Қайраттың» баспасөз қызметі өз зерттеуін жүргізді. Қиындық бірден туындады. Өйткені сол кезеңді жақсы білетін, ескерткіштерге қатысы бар адамдар қалмаған еді. Интернеттен де ешқандай ақпарат шықпады. Сондықтан да біз бүгін спортшылар мен жанкүйерлердің арасында жүрген әңгімелерді сіздердің назарларыңызға ұсынып, талқыға салмақпыз.
Сегізбаев ақпарды жоққа шығарды
Бірінші жорамал. Бір республикалық жарыста мен мынандай әңгіменің еріксіз куәгері болдым.
Шешен Тимур Санжарұлы Сегізбаев туралы айта келіп, Алматы қаласының Орталық стадионына кіре берістегі екі футболшының ескерткішіне тоқталды. «Соның бірінің түп-тұлғасы-алпысыншы жылдардағы «Қайраттың» ойыншысы, Қазақстан футболының аты аңызға айналған азаматы Тимур аға,»-деді. Шынымды айтсам, осы күнге дейін мен бұл мәселеге мән бермеген екенмін. Кейін бір орайы келгенде, осы ақпар туралы Тимур Санжарұлының өзінен сұрадым. Ол қысқа қайырды: «Мен ойнаған кезде ескерткіштер тұрған болатын». Яғни, Тимур аға-түп тұлға ретінде қисында келмейді. Бұл деректі бүгінде көзі тірі, кезінде «Қайратта» ойнаған Евгений Иванович Кузнецов пен Диас Ілиясұлы Омаров та растады. Ал Тимур ағай болса маған мүсінші туралы тың дерек берді. Яғни сол кезде жұмыс істеген Төлеш деген кісіні айтты. Бірақ, ардагер аға оның тегін, әкесінің атын есіне түсіре алмады. Тимур ағайдың айтуына қарағанда ол кісі Ташкент пен (қазіргі Райымбек) Абылай хан даңғылының (бұрынғы Коммунист көшесі) қиылысы маңайында тұрған. Жихаз дүкенінің сыртында оның шеберханасы болатын мүсіндерді сонда сомдайтын. Шеберханада менің де басымның мүсіні бар еді. Ол маған сатпақшы да болған...»
Бір « жіптің » ұшынан ұстағандай болдық
Екінші жорамал. Бір танысым ескерткіштегі футболшылар Өмірбек Бекбосынов пен Анатолий Калибердин болуы мүмкін дегенді айтты. Өмекең «Қайратта» 1957-1958 жылдарда ойнап, одан соң Қарағандыда шеберлігін шыңдады. 1960 жылы қайтадан Алматыға оралып, командада 1962 жылдың соңына дейін ойнаған. Біз Өмекең ағамен телефон арқылы хабарласып едік. Ол кісі: «Ескерткіштегі түп тұлғаны мен деп жүргендері бос сөз. Шынымды айтсам, олардың кім екендерін мен білмеймін, естіген де емеспін»,-деп ағынан жарылды. Ал, Анатолий Гаврилович мынандай әңгіме айтты. Елуінші жылдардың орта шенінде ол Алматының дене шынықтыру институтында оқып жүрген кезінде бұларға мүсінші келіп, денелерін бір қалыпта ұстап тұрып, жұмыс істеуге үгіттегенін, бұл іске бірнеше студент келіскендіктерін және орталық стадионның кіре берісіндегі ескерткіштің біріндегі футболшылардың оның таныстарының бірі болуы, тіпті өзінің мүсіні болуы ғажап еместігін ескертті. «Мүсінші есіңізде қалмады ма?»-деген сауалымызға: «Ол еуропалық кісі болатын, ал шеберханасы Фурманов көшесі мен Советский (Қазыбек Би) көшелерінің қиылысында еді,» - деп жауап берді.
- Мүмкін Усачев Петр Дмитриевич шығар?-деген ақпарат берді бір Қазақстандық ақсақал журналист Калибердин болса: «Жоқ, оның тегі не неміс немесе еврей ұлтынан болатын,»-деген.
-Сізбен бірге барған жігіттерді атай аласыз ба?
- Біз мүсіншіге бірнеше студент барып жүрдік. Есәмде қалғаны Юрий Ястребов. Кейін ол «Қайрат» командасында ойнады. Басқа да студенттер болған…
Ол мұз айдынында концерт қоятын
Үшінші жорамал.Бұл жорамалды шындыққа жатады десек, ғасырларға жол тартатын осы ескерткіштің түп тұлғасы әйгілі кеңестік хоккейші әрі жаттықтырушы Қазбек Дәулетбекқлы Байболов көрінеді. Аты аңызға айналған спортшы туралы әлі күнге дейін талай әңгімелер айтылып жүр. Ол стол теннисінен де ешкімге ұтылмаған екен. Бүкіл «Динамо» командасының ойыншылары оны жеңе алмапты. Ал, футболды қалай ойнады десеңізші? Оны білетін көптеген адамдар әлі күнге дейін «Ол «Қайратта» неге ойнамады екен?»-деп жүр. Ол республиканың басты командасында ойнау арманын арқалап Петропавл қаласынан Алматыға келеді. Бірақ она хоккейге деген сүйіспеншілігі жеңіп, ол бар ғұмырын допты хоккейге арнайды. Алдымен ойнаған, одан соң жаттықтырушы және ғылыммен айналысқан.
- Жалпы,-деп сөз бастады бізге оның әріптесі, әрі клубтасы Борис Александрович Чехлыстов-ескерткіштегі бейненің бірі Қ.Байболов болуы өте ықтимал. Ол аса дарынды азамат еді. Кейін жаттықтырушы болған кезінде бір де бір жаттығу жиыны бір-біріне ұқсамайтын. Тың тапсырмалар ойлап табатын. Аса қызықты өткізетін. Біздің жаттығуларымызға басқа командалардың беделді жаттықтырушылары келіп қызыға қарайтын. Әсіресе қарсылас командалардың мамандары көп қатысатын. Мынандай бір уақиға болды.
- Біз Ресейде жолсапарда едік. Қазбек Дәулетбекұлы жүргізіп жатқан жаттығуға әдеттегідей ресейлік мамандар да қатынасты. Бұл жерде мен көзімен көріп, құлағыммен естігенімді айтқалы тұрмын. Жаттығу аяқталған соң аса беделді ресейлік маман Байболовқа келіп оны құшақтап тұрып: «Сен жаттығу өткізген жоқсың, көңілді көтеретін ғажап концерт қойып бердің,»-деді.
Жалпы бұл өнер туындылары 1958-1959 жылдары орнатылған болса, осы кезең Қазбек Байболовтың дене шынықтыру институтында оқыған мерзімімен тұспа-тұс келеді.
Ал мына қыздар кімдер?
Бұл жерде екінші өнер туындысы да тұр. Олар жүгіріп келе жатқан жеңіл атлетшілер. Бұл ескерткіш туралы айтпай кету әделеттілікке жатпас еді. Ал, ақиқатында бұл туынды туралы ақпарат мүлде жоқ. Тек қана баскетболдан Кеңес Одағына еңбегі сіңген жаттықтырушы Шора Қадырұлы Юмашевтың айтқан айздаған дерегі бар. Ол кісінің сөзіне қарағанда ескерткіштегі бейненің бірі– қазір Ресейде тұратын, кезінде биіктікке секіруші Сара Нарматова. Енді бір жорамал бойынша екінші спортшы-жеңіл атлетші Нагорнова. Аты белгісіз.
Р. S. Ескерткіш туралы деректердің анық-өанығын білу үшін біз Мемлекеттік Орталық мұрағатта жұмыс істей бастадық. Жақын арада журналистеріміз ақиқатқа көз жеткізеді деп ойлаймыз. Әрине бұл туралы көпшілікті хабардар етеміз.
Дереккөз: http://sports.zzl.kz/